Маңғыстауда 12 күннен бері ереуілде тұрған жұмысшылардың бірі ауруханаға түсті


22/12/2023
10:52 10757 0

Фото: Азаттық радиосы

Маңғыстауда 11 желтоқсаннан бері ереуілдеп жатқан West oil компаниясы жұмысшыларының бірінің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсті. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Ереуілшілердің бірі Қонысбай Өтеповті 21 желтоқсанда кешке қарай жедел жәрдем көлігі әкеткен. Ауруханада оған система қойылған. 

– Бір өлім аузынан қалдым, қан қысымым түсіп кетті. 50 ма, 60 па болды. Система қойды. Кеудем қысып ауырғанда жаным көзіме көрінді, – деді Өтепов.

Жетібайда жағдай өзгермеген. Азаттық радиосының мәліметінше, тағы бір адам қан қысымы бойынша ауруханаға түскен. Жұмысшылар талап орындалғанша тұра беретінін айтқан.

Маңғыстау облысында West Oil Software жұмысшыларының ереуілдеп тұрғанына 12 күн болды. Жұмысшылар West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етуде. Бұған дейін ҚМГ олардың алғашқы екі талабын орындай алмайтындарын мәлімдеген.

Бұған дейін мұнайшылар қысым күшейгенін де айтқан. Олардың кейбірі жұмыстан қуылған. Жергілікті сот ереуілді заңсыз деп таныған. Сот шешімімен келіспеген жұмысшылар сотқа қатыспағандарын айтқан.

Қарақия ауданы әкімдігі 20 желтоқсанда «West Oil Software қызметкерлері «Қазмұнайгазбен» келіссөз жасаудан бас тартты» деп мәлімдеген. Ізінше West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының жұмысшылары келіссөзден бас тартпағанын мәлімдеп, президент Тоқаевты мәселені шешуге араласуға үндеген.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/12/2023 10:52
10757 0

Уведомление